Читать СОҒАДЫ ТУЛАП ЖҮРЕГІ. ӨЛЕҢДЕР
Редактор Надия Ахметзияевна Абдрахманова
Верстка, дизайн, публикация Мухтар Муратович Абдрахманов
Корректор Данияр Муратович Абдрахманов
© Мұрат Әбдірахманов, 2020
ISBN 978-5-0051-6264-9
Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero
САҒЫНЫШ САЗЫ
Болат Бодаубай. АЛҒЫ СӨЗ
Халқымыздың тарихында есімдері елге мәлім, кейінгі ұрпақтар үлкен алғыспен, сый-құрметпен еске алатын белгілі тұлғалар аз емес. Солардың бірі 1706 жылы дүниеге келіп, 1778 жылы қазіргі Ақмола облысының Ерейментау өңірінде өмірден озған (ҚСЭ, 11 том, 1977 ж.), қазақ әдебиетінің жыраулар поэзиясында өзіндік орны бар Үмбетей Тілеуұлы дер едік. Оның өмір сүрген уақыты – сол кездегі бабаларымыз елі мен жерінің азаттығын, бостандығын сақтап қалу үшін жан аямай күрескен, егеулі найза қолға алған азаматтары күн-түн қатып ат үстінен түспеген, қауіп-қатерлі, аумалы-төкпелі, сын-сынаққа толы заман еді. Халқымыздың қас батыры Қанжығалы Бөгенбайдың жорықтардағы, сан шайқастардағы сенімді серігі, жалынды жыршысы болған Үмбетей жырауды ел-жұрты «Жорық жырау» деп те атандырған. Осы кітапшаға өзінің, өмірдегі жора жолдастарының, қызметтес-әріптестерінің арнау өлеңдері кірген Мұрат Мұсайбекұлы Әбдірахманов (1938—2015) сол Үмбетей жыраудың тікелей алтыншы ұрпағы.
Үмбетейдің атағы он сегізінші ғасырда қазақ халқына кеңінен жайылған-ды. Ол өзінің жалынды жырларымен ел-жұртымызды ата-бабадан қалған асыл мұра – ұлан байтақ жерімізді ешбір жауға бермеуге, көзіміздің қарашығындай сақтауға, басқыншылардан тазартуға, кейінгі ұрпаққа сол қалпында, аман-есен аманаттауға үндеді. Өкінішке орай ол замандағы Бұқар, Ақтамберді, тағы басқа жыраулардың шығармалары сияқты Үмбетейдің жырлары да бізге толық сақталып жеткен жоқ. Біздерге жеткен «Бәкеге», «Жауқашарға», «Бұқарға», «Бекболат биге» сияқты өлеңдерінде әділеттілік, адамгершілік, өмірдің мәні сияқты адам бойындағы қастерлі қасиеттерге мән берілсе, «Бөгенбай өліміне», «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» сияқты жырларында Бөгенбай батырдың өмірдегі ерлік істері туралы баяндалады, «Жантай батыр» дастаны мен Абылай хан туралы толғауында халқымыздың қалмақ басқыншыларына қарсы қаһармандық күресі бейнеленеді.
Осындай текті атаның ұрпағы болудың ер азаматтың мойнына артатын жүгінің, самағының да аз болмайтыны түсінікті. Ол өзінің тіршілігімен, ісімен сол ата-бабаларының есіміне лайық өмір сүре алса – зор ғанибет, өмірдегі парызын адал орындағаны. Мұрат Әбдірахманов сондай биіктен көрініп, сондай сенімнен табылған елге сыйлы, абыройлы азамат еді. Бұған оның өмір жолын қысқаша шолып өтсек те көз жетеді. Қарағанды педагогикалық институтын үздік бітіргеннен кейінгі оның еңбек сапары Павлодар педагогикалық институтындағы ұстаздық қызметпен жалғасты. «Асыл кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, жас жігіттің білімділігі, ізденгіштігі, ой-өрісінің кеңдігі байқалмай қалмады. Ол облыстық партия комитетіне лекторлық қызметке шақырылды. Кешікпей лекторлар тобының жетекшісі болды. Одан соң облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімі басшысының орынбасары қызметіне жоғарылатылды. Бұдан кейінгі жылдарда Павлодар облыстық телерадио комитетінің төрағасы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Осы жылдардың бәрінде көпшілікке сыйлы болды. Әрдайым қиналғандарға көмек көрсетуге, адамдарға қол ұшын беріп, жақсылық жасауға дайын тұрды. Жастарымызды еліміздің патриоты, халқымыздың тарихын, тілін, өнерін, салт-дәстүрін жақсы білетін, қадірлейтін отансүйгіш азаматтар етіп тәрбиелеуге барынша күш салды, елеулі үлес қосты. Зейнетке шығар алдында, шыққаннан кейін де біраз жыл Павлодар облыстық «Қазақ тілі» қоғамын басқарды. Кейінірек Астанаға қоныс аударған соң қалалық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы болып қызметін жалғастырды. Қазақ тілінің беделі, мерейі өсуіне елеулі үлес қосты.