Читать Көке
Киносценарий
Басты рөлде:
Асылбек (15 жастағы бала)-
Әділбек (8 жастағы бала)-
Нұрлыбек (5 жастағы бала)-
Мадина (12 жастағы қыз)-
Рөлдерде:
Итбай (55 жастағы бай)-
Соқыр құмалақшы (60 асқан шал)-
Боранбай (30 жастағы еркек)-
Сара – Әділбектің шешесі (23 жастағы әйел)
Алтынай – Нұрлыбектің шешесі (21 жастағы әйел)
Шал (65 жастағы еркек)
Қанішер (40 жастағы еркек)
Мейрамбек (32 жастағы еркек)
Колхозшы (36 жастағы еркек)
Егістегі әйел (25 жастағы әйел)
Басы
1932 жыл (қараша айы)
1-ші көрініс
Тозып кеткен ауылдың көрінісі. Жиырма шақты ескі киіз-үй тұр.
Киіз-үй ішінде Итбай мен соқыр құмалақшы отыр. Құмалақшы құмалақтарын ары-бері жылжытып қояды.
Итбай: -Айтсайшы енді бірдеме! Не көріп отырсың!?
Құмалақшы: -Қиын жыл болады. Бұдан жаман құмалақ ашып көрмеппін! Ел мыңдап қырылады…
Итбай: Мен ше? Мен аман қаламын ба?
Кенеттен бір топ жауынгер шауып келді. Итбайдың үйіне кіріп келді.
Итбай(құмалақшыны түртіп сыбырлады): -Соңыра кел.
Боранбай(аяғын дөңгелек үстелдың басына салып): – Итбай! Шыдамым таусылып барады! Қашан кіресіңдер колхозға?
Итбай : -Мен қарсы емеспін. Ел көнбей жатыр.
Боранбай: -Көндірудің амалын мен білемін!
(деп қамшысын Итбайдың төсіне қадады.)
Итбай: -Бір ауыз сөз оңаша сөйлесек.
Боранбай(нөкерлеріне) : -Шыға тұрыңдар!
Итбай Боранбайға бір шүберек ұсынды. Шүберек ішінде бір уыс алтын.
Боранбай:-Сатып алмақпысың мені?
Итбай: -Бұл менікі емес, елдің рахметі. Сенің қарапайымдылығыңа, басқалар сияқты тонап-талап жатқан жоқсың.
Боранбай: -Жарайды, тағы бес-алты күн берем. Басқа да жұмыс көп. Бірақ, сосын, көнбей жатыр деген әңгімені айтпа маған!
Итбай: -Көндім, көндім. Ел де көнеді, қайда кетеді дейсің.
Боранбай: -Қашпақ болсаңдар асып өлтірем шетінен. Жас-кәрісіне қарамаймын. Ұқтың ба?!
Итбай: -Ұқтым, ұқтым.
2-ші көрініс
Киіз үйдің ішінде екі әйел және үш бала. Сара жиырма үштерде, бойы орташа келген.
Сара(баласы Әділбекке):
–Әділжан, ботам, осында қалсақ аштан өлеміз. Қарабай аға саған әке болады. Жаным, жүрейік…
Әділбек: -Жоқ! Бармаймын! Сен бір дорба бидайға сатылып кеттің!
Сара: -Құлыным, айтпашы олай. Елдің бәрі таңертең жиналып кетеді. Өзбектерде мұндай ашаршылық жоқ екен. Ол жаққа Совет үкіметі әлі жетпепті. Осында кіммен қаласың?!
Әділбек(Асылбек ағасына қарап):-Көкеммен!
Асылбек кіреберісте киімін жөндеп отырған. Ол теріс қарап бұрылды.
Екінші әйел Алтынай үнсіз жиналып жатыр.
-Маған біреудің күшігінің қажеті жоқ! Қалсаң қал! Алатын қатын жетіп жатыр! Таңға жетпей келем. Көп жүк алма сүйрелеп! Болды! -деген Итбайдың дауысы жаңғырықтай Алтынайдың басынан ұра береді.
3-ші көрініс
Бес жасар Нұрлыбектің іші бірдеме сезіп жатқандай ұйықтамай жатыр. Шешесінен үрейге толған көздерін алмайды. Алтынай баласына не дерін білмейді. Дорбасын жинап балапанының қасына жатты. Иіскеп құшақтап жатыр:
–ЖАНЫМ, БОТАМ, ҚҰЛЫНЫМ, БАЛАПАНЫМ – деп сыбырлап іші күйіп жатыр. Баласын құшағында қысып-қысып қояды.
Нұрлыбек оны өзінше түсініп жатыр. Апам мені қалдырмайды. Ол менің анам ғой! Менің анашым... деген оймен күлімдеп ұйқыға батып кетеді.
4-ші көрініс
Таңды бозторғайдай шырылдаған Нұрлыбектің дауысы аттырды. Ауылдан жиырма ошақтың орны қалды. Бірде-бір жан қалмаған. Ескі-құсқы заттар шашылып жатыр. Асылбек киіз-үйден басын шығарды. Нұрлыбек боздауын қояр емес, одан сайын жаны шығып жатыр. Қолында шешесінің бөрігін қысып отыр. Асылбек Нұрлыбектің қасына келіп отырды.