Синопсис
Белгілі қазақ жазушысы, драматургы Серік Асылбекұлының пьесалары Қазақ және Қырғыз академиялық драма театрларының сахналарында 1990 жылдан бастап табыспен қойылып келеді.
Оның сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған «Қазақша ашылып сайрау» деп аталатын бұл пьесасы Қазақстанның астанасы Астана қаласында 2017 жылы өткен «Рух» атты Халықаралық әдеби конкурсында «Үздік драматургиялық шығарма» номинациясы бойынша бас жүлдеге (Гран-при) ие болған.
Аталған шығармада жергілікті бюрократиямен куресте өзінің бұрынғы ауылдас таныстары мен жора-жолдастарының арасынан өзіне жақтас ешкімді таба алмай күйзеліске түскен қарапайым фермердің басындағы жалғыздық кәдімгі өмірден алынған шынайы коллизиялар арқылы нанымды бейнеленеді.
Енді осындай әлеуметтік психологиялық тығырыққа тірелген кейіпкер «Осы өмірдің мәні неде сонда?
Не үшін тіршілік етіп жүрміз? Бірін-бірі реті келсе алдау мен арбауға дайын тұратын шындықтың ауыр жолымен жүргеннен гөрі өтіріктің өрге бастырған оңай жолмен жүргенді жөн көретін саяси-әлеуметтік жүйеде өмір сүрудің, бақытқа ұмтылудың, шынайы махаббатқа іңкәр болудың қажеті бар ма өзі?» деген секілді сонау Адам ата мен Хауа анадан бері адамзаттың соңынан бір қалмай келе жатқан мәңгілік сауалдарға жауап іздеп, алас ұрады.
Иә, ол сұрақтарға әркімнің беретін өз жауабы бар, тіпті соған берер дайын жауабымыз болмағанының өзінде саналы индивид болып жаратылған соң бұл сауалдардан түптің түбінде ешқайсымыздың да қашып құтыла алмасымыз анық.
Ендеше осы бір мәселелер төңірегінде «Қазақша ашылып сайрау» пьесасының бас кеіпкері Көмекбаймен бірге біз де толғанып көрелік, қадірлі оқырман мен көрермен.
Қазақша ашылып сайрау
(Екі актілі, алты көріністі комедия)
Негізгі кейіпкерлер:
Көмекбай – шаруа, жасы 44-45-терде
Рысты – Көмекбайдың әйелі, жасы 42-43-терде
Зибаш – дүкенші келіншек, 35-тер шамасында
Ермек – Көмекбайдың көршісі, 45-46-лар шамасында
Әлайдар – Көмекбайдың мектепте бірге оқыған сыныптасы
Жанайдар – Әлайдардың төртінші сыныпта оқитын ұлы
Учаскелік полиция инспекторы – жасы 32-33-терде
Бірінші акт
№ 1 көрініс
Түс қайтқан мезгіл. Жұмыстан оралған Көмекбай адымдай басып, өзінің ауыл шетіндегі арзан қам кірпіштен салынған, ескілеу, шатырын күн едәуір жеп тастаған шиферлармен жабылған үйіне келіп кіреді. Дәліздің табалдырығынан аттай бергенде ол есік алдында тұрған шоқ самаурынның кернейіне сүрініп кетіп, құлап қала жаздайды. Керней Көмекбайдың екпінімен қаңғыр етіп, есік пен төрдей жерге домалап түседі. Дәліздің бүгіндікке жиналмағаны көрініп тұр: екі-үш үлкенді-кішілі пластмасса леген, су тасуға арналған сырты кірқожалақ темір фляға, осы үйдегі жандардың сыртқа киетін аяқкиімдері еденде қалай болса, солай шашылып жатыр. Бұл көрініс онсыз да іші алай-түлей болып, сіркесі су көтермей келе жатқан Көмекбайдың одан сайын жынын қоздырады.
Көмекбай. Мыналарды неге жинамаған-әй?! Әрдайымғылары осы, жау тигендей жайрайды да жатады бұл үйдің іші.Ырысты-Ырысты! Ырысты деймін!..
Көмекбай аяқкиімдерін дәлізге қалдырып, үйдің ішіне енеді. Төргі бөлмеден бет-жүзі сәл-пәл ісіңкі тартып, басындағы гүлді жібек орамалы желкесіне қарай әнтек қисайып кеткен Көмекбайдың Құдай қосқан қосағы Ырыстының басы қылтияды.
Рысты. Не боп қалды?